2018 жылдың 24 қазанында Австрияның Зальцбург университетінде «Ядросыз болашақ» сыйлығының марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkistannews.kz порталы inform.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Аталмыш шарад қазақстандық суретші, халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі, «АТОМ Жобасының» Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков марапатталды. Қазақстанның Австриядағы Елшісі Қайрат Сарыбай «Ядросыз болашақ» сыйлығының иегерлерін антиядролық қызметтерінің жоғары баға алуымен құттықтады. Сондай-ақ ол Кәріпбек Күйіковтың марапатталуы ядролық қарусыздандыру мен таратпау жаһандық үдерістерінде Қазақстанның рөлі және Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамаларының мойындалуын білдіретіндігін атап өтті. Елші барлық қатысушыларды әлемнің ядролық жарылыстардан құтылу үшін күш салуға бағытталған «АТОМ Жобасы» онлайн-петициясына өздерінің қолын қоюға шақырды. Қазақстандық өкілмен қатар, Австралия, Ұлыбритания, Франция және Австрияның өкілдері де сыйлықтың иегерлері болды. Кәріпбек Күйіков - 2012 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев бастамашылық жасаған «АТОМ Жобасының» Құрметті Елшісі болып табылады. Жобаның миссиясы - ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу және барлық елдердің ядролық қаруды толық жоюға жаһандық қоғамдық қолдауын біріктіру.   

«Ядросыз болашақ» сыйлығы 1998 жылы Франц Молл қоры тарапынан құрылды және антиядролық белсенділердің, ұйымдардың және қауымдастықтардың қызметін ынталандыруға бағытталған. Биылғы жылы сыйлықтың 20 жылдығы аталып өтуде. Бұрын әлемнің 80-нен астам өкілдері мен ұйымдары аталған сыйлыққа ие болған, соның ішінде Қазақстаннан - Юрий Куйдин, фотожурналист, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының серіктесі, Дүниежүзілік атом фотографтары гильдиясының мүшесі, ядролық тақырып бойынша көптеген фотоальбомдардың авторы (2000ж. марапатталған). Бұған дейін Қазақстан Семей полигонының жабылған күнінде мәлімдеме жасаған болатын.

https://www.inform.kz/kz/kazakstandyk-suretshi-avstriyada-yadrosyz-bolashak-syylygyna-ie-boldy_a3435949
http://turkistannews.kz/